Қызылорданың құмды алқаптары тағы да есірткі өсірушілердің заңсыз кәсібінің мекеніне айналғаны алаңдатады. Арал ауданына қарасты Жіңішкеқұм ауылы маңынан анықталған екі бірдей қарасора алқабы – бұл жай ғана құқық бұзушылық емес, қоғам қауіпсіздігіне төнген қатердің көрінісі.
«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер тікұшақпен әуеден бақылау жүргізіп, жасырын ұйымдастырылған екі ірі есірткі алқабын анықтады. Бірінші жерде 1090 түп, екінші алқаптан 849 түп қарасора табылды. Барлығы 1939 түп есірткі өсімдігі тәркіленді. Бұл кездейсоқ егілген бірнеше түп шөп емес, арнайы суару жүйесімен жабдықталған, алдын ала жоспарланған заңсыз кәсіп.
Ең өкініштісі, мұндай әрекеттердің артында оңай олжа іздеген адамдар тұр. Олар өз пайдасын қоғамның болашағынан жоғары қояды. Ал есірткінің зардабын қарапайым халық, әсіресе жастар тартады. Бір адамның заңсыз табысы бірнеше отбасының тағдырын талқандап, қаншама жастың өмірін құрдымға жіберуі мүмкін.
Құқық қорғау органдарының дерегіне сүйенсек, «Қарасора-2026» басталғалы облыста есірткіге қатысты 27 құқық бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш мәселенің әлі де өзекті екенін аңғартады. Демек, есірткі бизнесіне қарсы күрес тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның міндетіне айналуы тиіс.
Бүгін құрықталған қарасора алқаптары ертең анықталмаған жағдайда қанша тонна улы өнімге айналар еді? Қанша адамның өмірін улап, қанша отбасының шаңырағын шайқалтар еді? Осы сұрақ әрбірімізді ойландыруы керек.
Есірткі – жеке адамның таңдауы емес, ұлттың болашағына төнген қауіп. Сондықтан оған қарсы күрес тоқтамауы тиіс. Заң да қатал, қоғамның көзқарасы да ымырасыз болуы қажет.