Жаңақорған ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Дегенмен өңірдің мүмкіндігін толық пайдалану үшін жаңа серпін беретін бағыттарды дамыту маңызды. Осы мәселе облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың аудан тұрғындары және ауыл ақсақалдарымен кездесуінде кеңінен талқыланды.
«Руханият орталығында» өткен жиында аймақ басшысы аудан экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, Жаңақорғанның табиғи және тарихи артықшылықтарын нақты экономикалық жобаға айналдыру мәселесіне ерекше тоқталды.
Расында да, Қаратаудың баурайында орналасқан ауданның туристік мүмкіндігі мол. Өңірдегі тарихи ескерткіштер, киелі орындар, шипажайлар мен табиғи ландшафттар ішкі және сыртқы туризмді дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Алайда туристік әлеуеттің болуы жеткіліксіз. Оны табыс пен тұрақты жұмыс орындарының көзіне айналдыратын нақты жобалар қажет. Сондықтан облыс әкімінің туризм саласына қатысты тапсырмасы аудан экономикасын дамытудың маңызды бағыты ретінде бағалануда.
Кездесуде ауыл шаруашылығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты күріш егісінің көлемі қысқарып келеді. Осыған байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, шаруашылық каналдарын бетондау жұмыстарын жеделдету міндеті қойылды. Бұл су үнемдеу технологияларын енгізіп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй құрылысы саласында да оң өзгерістер бар. Соңғы төрт жылда ауданда 254 жаңа пәтер пайдалануға берілген. Биыл да тұрғын үй құрылысы жалғасады. Бұл халықтың баспанаға қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де өзекті. Қазіргі таңда ауданның газдандыру деңгейі 53 пайызды құрайды. Бес елді мекенге жоғары қысымды газ құбырлары тартылуда. Алдағы кезеңде ауылдарды кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмыстары жалғасады. Бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына да жаңа мүмкіндік береді.
Жалпы, аудан экономикасында тұрақты даму үрдісі байқалады. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің көлемі 105,6 пайызға өссе, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,3 миллиард теңгеге жеткен. Құрылыс жұмыстары мен пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі де артып отыр.
Кездесу барысында тұрғындар көтерген мәселелер мен ұсыныстар ауданның алдағы даму жоспарларын нақтылауға негіз болмақ. Ал қойылған міндеттердің сапалы орындалуы Жаңақорғанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттырып, өңірдің жаңа даму кезеңіне қадам басуына жол ашады.