Қызылорданың соңғы жылдардағы даму қарқынына көз салсақ, өңірде жүзеге асқан ірі жобалардың басым бөлігінде мемлекет пен бизнестің серіктестігі айқын көрінеді. Солардың қатарында «BI Group» компаниясының қатысуымен жүзеге асқан нысандар өңірдің сәулеттік келбетін ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын да өзгертуге ықпал етті.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен компания акционері Бауыржан Исабаев арасындағы кездесу осы әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін. Кездесуде көтерілген мәселелердің ішінде қаланың шет аймақтарына әлеуметтік нысандар салу бастамасы ерекше назар аудартады.
Соңғы жылдары Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа мөлтек аудандар бой көтерді. Алайда жаңа қоныстардың толыққанды өмір сүру ортасына айналуы үшін мектеп, балабақша, спорт және мәдениет нысандары қатар салынуы қажет. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды қаланың орталығымен ғана шектемей, шет аймақтарға бағыттау – уақыт талабынан туындаған шешім.
Бұған дейін пайдалануға берілген «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Ботаникалық бақ, «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы, жаңғыртылған мәдени-демалыс және Президент саябақтары Қызылорданың жаңа даму философиясын қалыптастырды. Бұл жобалар тек құрылыс нысаны емес, тұрғындардың білім алуына, демалуына, шығармашылықпен айналысуына және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістіктерге айналды.
Ендігі міндет – осындай мүмкіндіктерді қаланың барлық тұрғындарына тең дәрежеде жеткізу. Әлеуметтік нысандардың шет аймақтарда салынуы халықтың орталыққа тәуелділігін азайтып, жаңа аудандардың тартымдылығын арттырады. Бұл өз кезегінде қаланың теңгерімді дамуына, инфрақұрылымдық жүктеменің азаюына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына әсер етеді.
Қызылорда бүгінде тек құрылыс көлемімен емес, адамдарға қолайлы орта қалыптастыру арқылы дамудың жаңа үлгісін көрсетіп келеді. Ал билік пен бизнестің ортақ жауапкершілікке негізделген әріптестігі осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі болып қала береді.