ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – ОРТАҚ МІНДЕТ

Арал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, қала аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуге басымдық берілді. Сенбілікке мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары және тұрғындар белсене қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.

Сенбілік барысын аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы аралап көріп, қаладағы бірқатар қоғамдық орындардың жай-күйіне зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бұл ретте аудан басшысы тазалық мәселесі бір күндік науқан емес, тұрақты түрде жүргізілуі тиіс маңызды жұмыс екенін атап өтті.

Сапар барысында аудан әкімі алдымен Тәжі Палуан көшесіндегі балалар ойын алаңында болды. Қазіргі таңда мұнда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына арналған нысандардың сапасы қоғам үшін маңызды екенін айтқан аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың талапқа сай орындалуына назар аударды.

Одан кейін Т.Әубәкіров көшесіндегі ашық футбол алаңының жағдайымен танысты. Спорт нысанын пайдалану барысында орын алған бірқатар кемшіліктер анықталып, жауапты тұлғаларға оларды қысқа мерзімде қалпына келтіру тапсырылды. Бұл мәселе жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасаумен қатар, салынған нысандардың ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз ету тұрғысынан да өзекті.

Жұмыс сапары вокзал маңындағы «Алаш» аллеясында жалғасты. Аудан әкімі қоғамдық орындардың күтімі мен абаттандырылуы қала келбетінің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті. Әсіресе темір жол вокзалы маңы ауданға келген қонақтардың алғашқы әсерін қалыптастыратын аумақ болғандықтан, оның тазалығы мен көркіне ерекше көңіл бөлінуі қажет екенін жеткізді.

Арал қаласының тұрғындары мен қонақтары жиі баратын орындардың бірі – «Балықшылар» аллеясы. Соңғы жылдары демалыс аймағына айналған бұл нысан бүгінде тұрақты күтімді қажет етеді. Аудан басшысы аллеядағы кейбір инфрақұрылым нысандарының назардан тыс қалғанын сынға алып, әсіресе субұрқақ аумағының ластануы мен ойын алаңының тозуына қатысты ескертулер жасады. Қоғамдық орындардың тартымдылығы тек оларды салумен шектелмей, жүйелі күтімге байланысты екені атап өтілді.

Сапар аясында аудан әкімі №19 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында жаңадан салынған шағын футбол алаңын да көрді. Бұл нысан демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан жобалардың тиімділігін көрсетеді. Осыған байланысты аудан басшысы мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмей, кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту арқылы әлеуметтік нысандар санын көбейту қажеттігін айтты.

Инвестиция тарту мәселесі ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Спорт алаңдары, демалыс орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының көбеюі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауданның тартымдылығын да күшейтеді.

Аудан әкімі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан темір жол вокзалында да болып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында нысанның сапасы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және құрылыстың белгіленген мерзімде аяқталуы басты назарда болуы керектігі айтылды. Вокзал – ауданның стратегиялық маңызы бар нысандарының бірі. Сондықтан оның заманауи талаптарға сай әрі сапалы салынуы өңір тұрғындары үшін де, ауданға келетін жолаушылар үшін де маңызды.

Жаз мезгілінде тұрғындардың көпшілігі бос уақытын саябақтарда, аллеяларда және ойын алаңдарында өткізетіні белгілі. Осыған байланысты аудан басшысы қоғамдық кеңістіктердің жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, қандай да бір ақаулар мен кемшіліктер анықталған жағдайда жедел түрде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін қатаң ескертті.

Жалпы, аудан әкімінің сенбілік аясындағы жұмыс сапары тазалық пен абаттандыру мәселесінің тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған жұмыстар қоршаған ортаны қорғауға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауданның көркеюіне бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.

Туған жердің тазалығы мен көркіне жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан Арал ауданында басталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.

БӨЛІСУ