СУДЬЯ ӘДЕБІНЕ ҚАЙШЫ ӘРЕКЕТ ЖАСАҒАН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЭКС-СУДЬЯ МӘРТЕБЕЛІ ЖЕҢІЛДІКТЕРІНЕН АЙЫРЫЛДЫ

Әдеп нормасын бұзған бұрынғы судьяға қатаң шара қолданылды. 500 мың теңгелік өмір бойғы төлем тоқтатылды,-деп хабарлайды Уральская неделя сайты.

Қызылорда облысының бұрынғы судьясы Молдабек Ахметов сот орындаушысына қатысты дөрекілік танытып, ар-намысына тиетін сөздер айтып, агрессивті әрекет жасағаны үшін судья мәртебесіне берілетін барлық жеңілдіктерден айырылды.

Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасының Президенті Молдабек Ахметовті отставкадағы судьяларға төленетін өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамсыздандырудан және «Судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көзделген өзге де кепілдіктерден айыру туралы шешім қабылдады. Ай сайынғы төлем көлемі шамамен 500 мың теңгені құраған.

Оқиға сот орындаушысы өз қызметтік міндетін атқару барысында болған. Оның заңды талаптары бұрынғы судьяның наразылығын туғызып, нәтижесінде Молдабек Ахметов сот орындаушысына тіл тигізіп, агрессивті мінез көрсеткен. Оқиғаны ұялы телефонға түсірмек болған сот орындаушысының қолындағы смартфонды тартып алып, куәлардың көзінше жерге ұрып сындырған.

Осыдан кейін сот орындаушысы Қызылорда облыстық Судья әдебі жөніндегі комиссиясына шағым түсірген. Комиссия мүшелері бұрынғы судьяның әрекетін судьялық әдеп қағидаларына қайшы келетін және судья мәртебесімен сыйыспайтын теріс қылық деп таныған.

Комиссияның қорытындысы Жоғары Сот Кеңесіне жолданып, кейін Мемлекет басшысына ұсынылған. Нәтижесінде бұрынғы судьяның кәсіби қызметтегі еңбегі мен алған марапаттары оған қатысты шешімнің өзгеруіне әсер ете алмады.

Айта кетейік, Молдабек Ахметовтің ұлы Әлібек Ахметов қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарады.

БӨЛІСУ