Қоғамның дамуы мен елдің болашағы ең алдымен өсіп келе жатқан ұрпақтың жағдайына байланысты. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы және жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Осы бағытта қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында заманауи балалар ойын алаңдарын салу.
Бүгінде қала бойынша 15 ойын алаңының құрылысы басталып, бұл жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жаңа нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, дене шынықтырумен айналысуына және қауіпсіз ортада ойнап, дамуына мүмкіндік береді. Әсіресе, қазіргі цифрлық дәуірде балалардың уақытын гаджеттер мен әлеуметтік желілер көбірек алып отырғаны жасырын емес. Мұндай жағдайда сапалы ойын алаңдарының болуы бүлдіршіндерді таза ауаға шығып, белсенді өмір салтын ұстануға ынталандырады.
Мамандардың пікірінше, балалар ойын алаңдары тек көңіл көтеру орны ғана емес. Олар баланың физикалық, психологиялық және әлеуметтік дамуына ықпал ететін маңызды кеңістік саналады. Әртүрлі ойын құрылғылары балалардың қимыл-қозғалысын жетілдіріп, ептілік пен төзімділікті қалыптастырса, қатарластарымен бірге ойнау арқылы қарым-қатынас мәдениеті мен ортаға бейімделу қабілеті артады.
Соңғы жылдары тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың ауқымы кеңейіп келеді. Аулаларды абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын салу, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту секілді жобалар халықтың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған. Бұл ретте балаларға арналған инфрақұрылымның дамуы ерекше маңызға ие. Өйткені қауіпсіз әрі жайлы ортада өскен бала ертең қоғамның белсенді әрі жауапты азаматы болып қалыптасады.
Жаңа ойын алаңдарының салынуы ата-аналардың да көңілінен шығуда. Бұрын балалардың қауіпсіз ойнайтын орны тапшы болған кейбір аумақтарда енді заманауи талаптарға сай алаңдар бой көтеруде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, көршілер арасындағы қарым-қатынастың нығаюына және аула мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.
Дегенмен мемлекет қаржысына салынып жатқан мұндай игілікті нысандарды күтіп ұстау мәселесі де маңызды. Кей жағдайда қоғамдық мүліктің бүлінуі, ойын құрылғыларының сындырылуы сияқты келеңсіз жағдайлар кездесіп жатады. Сондықтан әр тұрғын ортақ мүлікке жанашырлықпен қарап, балаларға да қоғамдық орындарды ұқыпты пайдалануды үйретуі қажет. Өйткені бұл нысандар бір күнге емес, ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет ету үшін салынуда.
Балаларға қолайлы қала қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Баланың қауіпсіздігі мен бақытты балалығы үшін жасалған әрбір қадам елдің ертеңіне салынған инвестиция болып табылады. Сондықтан бүгін салынып жатқан ойын алаңдары – жай ғана құрылыс нысаны емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен жарқын келешегіне бағытталған маңызды бастама. Балаларға жасалған қамқорлықтың нәтижесі ертең елдің дамуы мен өркендеуінен көрінері сөзсіз.