Облыс орталығында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және сауда саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия бірқатар сауда нысандарын аралап, нарықтағы баға саясатына талдау жасады.
Көшпелі отырыс барысында комиссия мүшелері «Сұлтан», «Сұлтан-2» сауда базарлары мен «Меркурий» сауда үйіндегі азық-түлік тауарларының бағасына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, өнімдердің өндірушіден тұтынушыға дейінгі сауда тізбегіндегі қозғалысы қаралып, негізсіз баға өсіміне жол бермеу мәселелері талқыланды.
Мониторинг барысында кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып алу қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ, сауда үстемесінің заңнамада белгіленген 15 пайыздан аспауы, бағаның сауда сөрелерінде нақты көрсетілуі, бақылау-касса машиналарын пайдалану және өнім сапасына қойылатын талаптарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Комиссия жұмысы ірі сауда желілерінде де жалғасты. «Magnum» және «Small» сауда орындарында отандық өнімдердің, оның ішінде «Қазақстанда жасалған» белгісі бар ірімшік өнімдерінің сауда сөрелеріне орналастырылуы мен тұтынушыларға ұсынылу тәртібі зерделенді. Бұл отандық тауар өндірушілерді қолдау және жергілікті өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілеріне Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін тауық жұмыртқаларына қатысты уақытша шектеулер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі №146 бұйрығына сәйкес елімізге жаңа піскен тауық жұмыртқаларын әкелуге алты ай мерзімге уақытша тыйым салынған. Бұл талаптың сақталуы ішкі нарықты реттеуге және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Баға тұрақтылығын сақтау, заңсыз сауда әрекеттерінің алдын алу және шығу тегі белгісіз өнімдердің сатылуына жол бермеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осыған байланысты мониторингтік жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады.