ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ХИМИЯЛЫҚ ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау және егін шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында шегірткеге қарсы күрес жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу үшін облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Шиелі ауданына арнайы барып, химиялық өңдеу науқанының жүзеге асу барысын бақылады.

Жұмыс сапары барысында жауапты мамандар шегіртке зиянкестерінің таралу жағдайы, жүргізілген мониторинг нәтижелері және қолға алынған қорғаныс шаралары жөнінде ақпарат берді.

Биыл Шиелі ауданында саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 8 мың 100 гектар аумақта жүргізу жоспарланған. Маусымдық мониторинг барысында зиянкестердің таралу аймақтары анықталып, олардың саны экономикалық зияндылық шегінен асқан жерлер белгіленді.

Мамандардың мәліметінше, жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде 2 мың 240 гектар аумақта шегірткелердің қауіпті деңгейде таралғаны анықталған. Бүгінгі күнге дейін соның 1 мың 190 гектар жерінде химиялық өңдеу жұмыстары толық жүргізілген.

Өңдеу шаралары арнайы техника мен рұқсат етілген химиялық препараттарды пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жұмыстарға бір жерүсті агрегаты мен бір әуе техникасы тартылған. Бұл тәсіл зиянкестердің таралу аумағын қысқа мерзімде қамтып, олардың ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізетін зиянын азайтуға мүмкіндік береді.

Шегірткеге қарсы күрес тек Шиелі ауданымен шектелмейді. Жалпы облыс көлемінде биыл 120,7 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы мақсатта мамандар көктемгі кезеңнен бастап тұрақты мониторинг жұмыстарын қолға алған.

Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 795,8 мың гектар аумаққа фитосанитарлық мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 79,1 мың гектар жердің шегірткемен залалданғаны анықталды. Оның ішінде 50,4 мың гектар аумақта зиянкестердің саны экономикалық зияндылық шегінен асқан.

Қазіргі таңда қауіпті деп танылған аумақтардың 40,1 мың гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, залалдану ошақтарын оқшаулау және жою шаралары атқарылуда.

Өңір бойынша қорғаныс жұмыстарына 18 жерүсті агрегаты, 9 әуе ұшағы және 5 дрон жұмылдырылған. Заманауи техникалардың қолданылуы зиянкестердің таралуын дер кезінде анықтап, өңдеу жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Әсіресе дрондардың көмегімен жетуі қиын аумақтарға бақылау жүргізу және өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру жеңілдеген.

Мамандардың айтуынша, шегіртке зиянкестері ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлеміне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан олардың таралуын ерте кезеңде анықтау және дер кезінде химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу егін өнімділігін сақтаудың маңызды тетігі болып табылады.

Жұмыс барысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары жауапты сала мамандарына мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, қолданылатын препараттардың талапқа сай болуын қамтамасыз ету және зиянкестердің таралуына тұрақты бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті.

Жалпы алғанда, облыста шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Мамандардың бақылауы мен кешенді қорғаныс шараларының арқасында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау және өнім көлемін сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

БӨЛІСУ