«АҚТЕРЕК» САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНІҢ ЖАЗҒЫ МАУСЫМЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Аудандағы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Ақтерек» сауықтыру лагерінде жазғы маусымның ашылу салтанаты өтті. Балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, кент ардагерлері, білім саласының қызметкерлері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жас жеткіншектерді көптен күткен жазғы демалыстың басталуымен құттықтап, жаз мезгілінің әр баланың жан-жақты дамуы үшін маңызды кезең екенін атап өтті.

– Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі. Жазғы сауықтыру лагерьлері балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жаңа достар тауып, пайдалы дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір баланың жазғы демалысы қызықты әрі есте қаларлықтай өтуі қажет, – деді ол.

Мерекелік шара барысында оқушылар өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұсынды. Әсем әндер шырқалып, мың бұралған бишілердің өнері көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар, жас өнерпаздар дайындаған сахналық қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара аясында балалардың қолөнер және шығармашылық жұмыстарынан арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар жас шеберлердің туындыларымен танысты.

Жазғы демалыс – балалардың оқу жылында алған білімдерін толықтырып, жаңа әсерлер жинайтын ерекше кезең. Осыған байланысты аудан көлемінде жазғы демалыс науқаны жан-жақты жоспарланған. Биылғы жаз мезгілінде туристік саяхаттар, тарихи-танымдық экскурсиялар, мәдени-көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, жалпы саны 6352 баланы қамту көзделіп отыр.

Мамандардың айтуынша, жазғы демалысты ұйымдастырудағы басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулықтарын нығайту және олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар білім беру ұйымдары, мәдениет және спорт мекемелерімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Биыл аудан оқушылары үшін бірнеше сауықтыру және демалыс орталықтарына жолдамалар қарастырылған. Атап айтқанда, балалар аудандағы «Ақтерек» сауықтыру лагерінде демалумен қатар, Қызылорда қаласындағы «AI-KERIM» білім беру және сауықтыру орталығында, Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында, Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық сауықтыру орталығында, сондай-ақ Қонаев және Түркістан қалаларындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында демалып, танымдық бағдарламаларға қатысады.

Бұл орталықтарда балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес түрлі үйірмелер, спорттық секциялар, интеллектуалдық ойындар мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Нәтижесінде оқушылардың шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, олардың дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік жасалады.

Жалпы, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жазғы демалыс бағдарламалары балалардың денсаулығын нығайтуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және олардың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болып табылады. Ал «Ақтерек» лагеріндегі жазғы маусымның ашылуы осы игі бастамалардың жарқын көрінісі болды.

БӨЛІСУ