Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында аудан тұрғындары тұрғын үй, жер қатынастары, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, коммуналдық қызметтер және өзге де жеке мәселелер бойынша сауалдарын жеткізді.
Азаматтарды қабылдау барысында аудан басшысы әрбір тұрғынның мәселесіне жеке тоқталып, көтерілген сұрақтардың мән-жайын жан-жақты зерделеді. Сонымен қатар, өтініштердің заң талаптарына сәйкес шешілу жолдарын қарастыру мақсатында жауапты бөлім басшылары мен сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі тұрғындармен кері байланысты нығайту және халықтың өтініштеріне жедел ден қою мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір өтініш назардан тыс қалмайды және қолданыстағы заңнама аясында тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей аудан басшысына жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде халық пен жергілікті атқарушы билік арасындағы ашық диалогты дамытуға және өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етеді.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан әкімдігі ғимаратында арнайы «Азаматтарды қабылдау орталығы» жұмыс істейді. Орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған және тұрғындардың өтініштерін қабылдау процесін жеңілдетуге бағытталған. Мұнда келушілер үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қарастырылған. Азаматтар қажетті ақпараттарды алып, электронды қызметтерді өз бетінше пайдалана алады.
Сонымен қатар, қабылдау электронды кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Келушілер арнайы терминал арқылы кезек нөмірін алып, оның қозғалысын экраннан бақылай алады. Бұл тұрғындардың уақытын үнемдеуге және қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде аудан тұрғындары аудан әкімінің қабылдауына бірнеше тәсіл арқылы жазыла алады. Атап айтқанда, азаматтар eGov электрондық үкімет порталы, e-Otinish бірыңғай өтініштер жүйесі немесе аудан әкімдігіне жазбаша өтініш беру арқылы қабылдауға тіркелу мүмкіндігіне ие.
Халықпен тұрақты кездесу өткізу және жеке қабылдаулар ұйымдастыру тұрғындардың мәселелерін дер кезінде анықтап, оларды шешудің тиімді тетіктерін қарастыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына ерекше назар аударылатын болады.