Арал ауданына қарасты Шижаға елді мекенінде жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне облыс әкім Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі өңірде соңғы жылдары әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2022-2026 жылдар аралығында облыс көлемінде 200-ден астам әлеуметтік нысан ел игілігіне берілген. Соның ішінде 25 спорт нысаны салынып, халықтың бұқаралық спортпен айналысуына кең мүмкіндік жасалған.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау бағытында өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Әсіресе ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және денсаулықты нығайту бағытындағы жұмыстарға ерекше тоқталды.
– Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл халқының тұрмысын жақсарту, табысын арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы тапсырмалар аясында Арал ауданында да көптеген маңызды жобалар іске асуда. Күні кеше Аманөткел ауылында 150 орындық жаңа мәдениет үйін пайдалануға бердік. Бүгін Сексеуіл кентінде «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қаладық. Алдағы уақытта Абай ауылын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынады. Осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде бүгін Шижаға ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғындар игілігіне ұсынып отырмыз. Бұл кешен ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Жаңа спорт кешені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысанда спорттың бірнеше түрімен айналысуға жағдай жасалған. Мұнда ауыл жастары мен тұрғындары дене шынықтырып қана қоймай, түрлі жарыстар мен спорттық іс-шараларды өткізе алады.
Рәсім барысында қоғам қайраткері Айтбай Көшербай ауыл тұрғындарын қуанышпен құттықтап, мұндай нысандардың жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын беріп, елдің амандығы мен ауылдың өркендеуіне тілектестігін білдірді.
Шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мен жаңа нысанның құрылысын сапалы жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, өңірде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы Президенттің қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, заманауи теннис орталығы және инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында спорт кешендері ашылды. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған 80 спорт және ойын алаңы балалар мен жасөспірімдердің игілігіне қызмет етуде.
Қазіргі таңда облыс орталығында ірі спорттық жобалар жалғасуда. Атап айтқанда, көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені мен «Қайсар» футбол клубының академиясының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар өңірдегі спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.
Шижаға ауылында пайдалануға берілген жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені де осы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен тұрақты шұғылдануына және болашақта үлкен жетістіктерге жетуіне негіз қалайды.