Жалағаш ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың ауданға жұмыс сапары барысында өткен кездесулерде өңірдің негізгі көрсеткіштері мен алдағы даму жоспарлары жан-жақты сараланды.
Кездесу барысында ауданның әлеуетін арттыруға бағытталған нақты міндеттер айқындалды. Соның ішінде Қаракеткен ауылында іске қосылған «Харвест Агро» агроиндустриалды кластерінің алғашқы кезеңі ерекше аталып өтті. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, аудан экономикасын әртараптандыруға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашатын маңызды бастама ретінде бағаланды.
Жалағаштың басты тірегі – ауыл шаруашылығы. Биыл аудан диқандары 42 мың гектардан астам жерге егін егіп, оның 16,8 мың гектарын күрішке орналастырған. Дегенмен су ресурстарының тапшылығы жағдайында егіншілік мәдениетін жаңа деңгейге көтеру қажеттілігі күн тәртібінен түспейді. Сондықтан каналдарды бетондау, су үнемдеу технологияларын енгізу және аз су қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайту мәселелері нақты тапсырмалар қатарынан орын алды.
Аудандағы тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Соңғы төрт жылда 192 пәтер пайдалануға берілген. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болғанымен, құрылыс сапасына қойылатын талаптың күшеюі қажеттігі ерекше ескертілді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту да өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда ауданның газдандыру деңгейі 53 пайызды құрайды. Қаракеткен мен Бұқарбай батыр ауылдарын газдандыру жобалары әзірленсе, Аққұм мен Мәдениет бағытындағы елді мекендер үшін қаржыландыру көздерін қарастыру міндеті қойылды. Сонымен қатар электр желілерінің тозуын азайту және тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағытында да нақты шаралар қабылданбақ.
Экономикалық көрсеткіштер ауданның даму әлеуетінің жоғары екенін аңғартады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12,2 млрд теңгеге жетіп, өсім 120 пайызды құрады. Ал инвестиция көлемі 8,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 22,7 пайызға артқан. Бұл кәсіпкерлік пен өндіріс саласына сенімнің күшейгенін көрсетеді.
Жалағашта шағын және орта бизнестің де белсенділігі жоғары. Тіркелген 2531 кәсіпкерлік субъектісінің 97,3 пайызы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл аудан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде кәсіпкерліктің орны айрықша екенін дәлелдейді.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі ауданның белсенді жастарымен де кездесіп, олардың тың жобаларымен танысты. Бұл – Жалағаштың болашағы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, білімді әрі бастамашыл жастардың әлеуетімен де өлшенетінін көрсететін маңызды кездесу болды.
Бүгінгі талқылаулардан аңғарылғаны – Жалағашта даму бар, мүмкіндік бар. Ендігі міндет – сол әлеуетті толық пайдаланып, әр саладағы өсімді нақты нәтижеге айналдыру.