БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ – ҰЛТ САУЛЫҒЫНА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

Соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтына баулуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар осының нақты дәлелі.

Аудан көлемінде спорттық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Соның бірі – ІІІ-Интернационал ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. 2023 жылы ел игілігіне берілген спорт нысаны бүгінде ауыл тұрғындарының тұрақты түрде спортпен шұғылданатын орталығына айналған.

Жалпы аумағы 799,4 шаршы метрді құрайтын кешен заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда ауыл жастары мен тұрғындарының спортпен айналысуына барлық қажетті жағдай жасалған. Бүгінде нысанға күніне орта есеппен 80-ге жуық адам келіп, дене шынықтырумен және спорттың әртүрлі түрлерімен айналысады. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындарының спортқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады.

Кешенде күрес және жаттығу залдары жұмыс істейді. Әсіресе дзюдо секциясының жұмысы жүйелі жолға қойылған. Жас спортшылар тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен дайындалып, түрлі деңгейдегі жарыстарда бақ сынауға мүмкіндік алуда. Мұндай жұмыстар ауыл балаларының спорттық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың болашақта үлкен спортқа қадам басуына жол ашады.

Мамандардың айтуынша, бұқаралық спорттың дамуы қоғам денсаулығын жақсартудың тиімді тетіктерінің бірі саналады. Спортпен тұрақты айналысатын адамдардың денсаулығы мықты болып, еңбек өнімділігі артады. Сонымен қатар спорт жастарды зиянды әдеттерден сақтап, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейді.

Қармақшы ауданында спорттық инфрақұрылымдардың көбеюі тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына оң ықпал етуде. ІІІ-Интернационал ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені де осы бағыттағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі ретінде өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, салауатты қоғам қалыптастыруға және ел спортының дамуына өз үлесін қоса бермек.

БӨЛІСУ