ЖАСТАР ЖЕТІСТІГІНЕ ҚҰРМЕТ: АУДАН ӘКІМІ ЖАЙДАРМАНШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау және талантты өрендерді қолдау – мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауданның намысын республикалық және облыстық деңгейде абыроймен қорғап жүрген жас жайдарманшылармен арнайы кездесіп, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді.

Кездесу барысында аудан басшысы жастарды соңғы уақытта қол жеткізген табыстарымен құттықтап, шығармашылық жолдарында толағай табыстар тіледі. Еркін форматта өткен басқосуда жастар қозғалысын дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және жайдарман өнерінің тәрбиелік маңызы туралы пікір алмасу болды.

Аудан әкімі өз сөзінде жайдарманның жастарды тапқырлыққа, шешендікке, сахна мәдениетіне және қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейтін ерекше өнер мектебі екенін атап өтті.

– Жайдарман – жай ғана ойын емес. Бұл жастардың шығармашылық қабілетін шыңдайтын, ой-өрісін кеңейтетін, көпшілік алдында еркін сөйлеуге баулитын маңызды өнер алаңы. Сіздер осы өнер арқылы ауданымыздың атын танытып, өңіріміздің мерейін үстем етіп жүрсіздер. Біз әрдайым талантты жастарды қолдап келеміз және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өздеріңіздей ізденімпаз, белсенді жастар ауданымыздың мақтанышы, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кездесу барысында аудан жастарының соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері де кеңінен айтылды. Атап айтқанда, жайдарманшылар республикалық Жайдарман ойындарының «Маусымашар-2026» фестивалінде табысты өнер көрсетіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік командалармен қатар бақ сынады. Сонымен қатар «Джуниор проект» жобасында жүлделі І орынды иеленіп, облыстық жайдарман ойындарында да жеңіс тұғырынан көрінді.

Бұл жетістіктер аудан жастарының шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін ғана емес, сонымен бірге жүйелі қолдау мен тынымсыз еңбектің нәтижесін көрсетеді. Жайдарманшылардың сахнадағы шеберлігі, өзекті тақырыптарды әзіл арқылы жеткізе білуі және көрермен көңілінен шығуы олардың кәсіби деңгейінің артып келе жатқанын аңғартады.

Кездесу аясында аудан әкімі ауданның қоғамдық және мәдени өміріне белсенді араласып, түрлі байқаулар мен жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар жас жайдарманшыларды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Бұл марапат жастардың еңбегіне берілген құрмет қана емес, олардың алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруына серпін беретін қолдау ретінде бағаланды.

Жиында аудандық «Жастар» ресурстық орталығының басшысы Нұржан Сейтжан сөз сөйлеп, жастар бастамаларын әрдайым қолдап келе жатқан аудан басшысына алғысын білдірді. Оның айтуынша, ауданда жастар саясатын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді және бұл жастардың түрлі салада жетістікке жетуіне мүмкіндік беруде.

Сондай-ақ кездесу барысында Жайдарман қозғалысының көшбасшысы, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукеннің арнайы Алғыс хаты аудан әкіміне табысталды. Бұл марапат аудан көлемінде жастар шығармашылығын дамытуға, жайдарман қозғалысына қолдау көрсетуге қосқан үлесі үшін берілген құрметтің белгісі болды.

Жайдарман қозғалысы бүгінде жастар арасындағы ең ауқымды шығармашылық жобалардың біріне айналды. Ол жас буынның бойындағы көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырып, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан аудан көлемінде бұл бағыттағы жұмыстарды қолдау, талантты жастарға жағдай жасау және олардың шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Кездесу соңында жастар аудан басшысына көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да аудан абыройын асқақтатып, жаңа жетістіктерге жету үшін аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.

Осындай кездесулер жастардың жігерін жанып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады. Ең бастысы, бұл – талантты жастардың еңбегін бағалап, олардың болашаққа деген сенімін нығайтатын маңызды қадам.

БӨЛІСУ