Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда халықпен ашық диалог орнату – жергілікті биліктің басты қағидаларының бірі. Осы мақсатта аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Ғани Мұратбаев ауылы, Абай ауылы және Қазалы қаласының тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердің тыныс-тіршілігі мен тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесулер барысында аудан басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік реформалар мен өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды. Инфрақұрылымды жаңғырту, жол жөндеу, газдандыру, ауыз су жүйелерін жетілдіру, әлеуметтік нысандар салу мен елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелері айтылып, алдағы жоспарлар таныстырылды.
Халықпен жүздесулердің басты ерекшелігі – тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерінің тікелей тыңдалуы болды. Ғани Мұратбаев ауылының тұрғындары көше жолдарын жөндеу мен мал шаруашылығына арналған жер телімдері мәселесін көтерсе, абайлықтар жайылымдық жерлерді белгілеу қажеттігін жеткізді. Аудан әкімі әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Кездесулер барысында ел бірлігі, қоғамдық келісім мен жауапкершілік мәселелері де сөз болды. Аудан басшысы тұрғындарды елдік бастамаларды қолдауға, туған жердің дамуына ортақ үлес қосуға шақырды.
Қазалы қаласында өткен жиында тұрғындар өңірде жүзеге асырылып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдар ақ батасын берді. Кездесулерден кейін аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру – ел мен билік арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қадам. Осындай кездесулер ауданның тұрақты дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдағы бірлік пен ынтымақты бекемдеуге қызмет етуде.