Ауданда жастарды еңбекке баулу, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне жастарды кеңінен тарту мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа еңбек маусымы басталды. Осыған орай аудан әкімі еңбек жасағының жастарымен арнайы кездесіп, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кездесу барысында аудан басшысы жастармен еркін пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкені көркейтуге бағытталған жұмыстардағы жастардың рөліне ерекше тоқталды.
Аудан әкімі өз сөзінде «Жасыл ел» жобасының жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– «Жасыл ел» – бұл жай ғана маусымдық жұмыс емес. Бұл – жастардың еңбекке араласып, өмірлік тәжірибе жинақтайтын, жауапкершілікті сезінетін, туған жерге деген сүйіспеншілігін іс жүзінде көрсететін маңызды мектеп. Сіздер ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қосып, қоғамға пайдалы еңбек етіп келесіздер. Бұл – елге деген жанашырлықтың, отансүйгіштіктің нақты көрінісі. Мемлекет жастардың бастамаларын әрдайым қолдайды. Сондықтан сіздердің белсенділіктеріңіз бен еңбекқорлықтарыңыз ауданымыздың дамуына серпін береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, табыс және еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, еңбек маусымын тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді өткізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу бағытындағы бастамалар сөз болды.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағына 110 жас тартылған. Олар жаз мезгілінде аудан аумағындағы көркейту-көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысады. Сонымен қатар жастар республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шараларға белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты аялау бағытындағы жұмыстарға өз үлестерін қоспақ.
«Жасыл ел» бағдарламасы жыл сайын мыңдаған жасты еңбекпен қамтып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, қоғамдық белсенділігін дамытуға және туған жерге деген қамқорлығын күшейтуге мүмкіндік беріп келеді. Осы ретте аудан жастарының да игі бастамаға белсене қатысуы өңірдің тазалығы мен көркеюіне оң ықпал ететіні сөзсіз.