1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Жаңақорған ауданында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. «Prime Park» демалыс орнында ұйымдастырылған мерекелік шара балғындардың шат күлкісі мен қуанышқа толы көңіл-күйінің мерекесіне айналды.
Аудан әкімі Мәжит Самитов балалардың қолөнер және шығармашылық көрмелерін аралап, өнерлі өрендердің жетістіктерімен танысты. Бұл – жас буынның талантына қолдау білдіріп, олардың арманына қанат бітіруге бағытталған игі қадам.
Мерекеде ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, түрлі ойындар мен байқауларға ұласты. Әр баланың жүзінен қуаныштың, әр ата-ананың жанарынан сенімнің табылғаны – мерекенің басты жетістігі.
Жаңақорғанда балалардың бақытты балалығы мен сапалы демалысы үшін жүйелі жұмыстар жалғасуда. Биыл «Тау самалы» мен «Талдысу» тынығу лагерьлерінде 2700 бала тегін демалып, жазғы уақытын тиімді өткізеді. Ал мектеп жанындағы лагерьлерде 9550 оқушы қамтылып, олардың қауіпсіз әрі қызықты демалысына барлық жағдай жасалмақ.
Сонымен қатар, жүздеген оқушы тарихи-мәдени орындарға саяхат жасап, туған өлкенің шежірелі тарихы мен рухани мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік алады.
Балалардың шат күлкісі естілген жерде – береке бар, болашақ бар. Әрбір бүлдіршіннің бақытты балалығы – ел ертеңінің ең басты кепілі.