БАЛА КҮЛКІСІ — БЕЙБІТ ӨМІРДІҢ БЕЛГІСІ

Баланың шат күлкісі естілген жерде өмір бар, үміт бар, болашақ бар. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Халықаралық балаларды қорғау күні Қазалы ауданында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Орталық алаңда ұйымдастырылған «Бала күлкісі – бейбіт өмірдің белгісі» атты мерекелік шара балғындардың қуанышына, ата-аналардың мақтанышына айналды.

Мереке балалардың қиялы мен шығармашылығын тоғыстырған «Балалық шақтың бояулы бағы» атты сурет байқауымен басталды. Ақ параққа түрлі-түсті бояумен түскен әр суреттен балғындардың арманға толы әлемі, бақытты балалық шаққа деген көзқарасы көрінді. Бұл – балалардың жан дүниесін сөзсіз сөйлеткен ерекше көрме болды.

Спорттық сайыстар мен ойын алаңдары мерекенің мазмұнын байыта түссе, арнайы фотозоналар мен шығармашылық көрмелер балалардың шаттыққа толы сәттерін есте қаларлық естелікке айналдырды. Балабақшалар ұйымдастырған көрмелерден мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының еңбегі мен ізденісі айқын аңғарылды.

Аудан әкімі Жандос Еркінбектің балаларға арнаған жүрекжарды тілегі мерекенің мәнін тереңдете түсті. Өйткені балаға қамқорлық жасау – тек ата-ананың емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Елдің ертеңі саналатын жас ұрпаққа жасалған әрбір игілік – мемлекеттің болашағына салынған инвестиция.

Бүгінде аудан бойынша 45 мектепке дейінгі ұйымда 4000-ға жуық баланың тәрбиеленуі – ұрпақ тәрбиесіне деген ерекше жауапкершіліктің көрінісі. Балалардың алаңсыз күлкісі мен бақытты балалық шағы үшін жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі де осы.

Бала күлкісі ешқашан толастамасын. Себебі бүлдіршіндердің шаттыққа толы үні – бейбіт өмірдің, берекелі қоғамның және жарқын келешектің ең әдемі белгісі. 

БӨЛІСУ