МЕРЕКЕДЕ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЕМДЕЛУШІЛЕРІ СЫЙЛЫҚ АЛДЫ

Халықаралық балаларды қорғау күні Қызылорда облысында ерекше жылылық пен қамқорлыққа толы шаралармен аталып өтті. Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов пен Мархабат Жайымбетовпен бірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасына арнайы барып, ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

Сапар барысында алдымен облыс әкіміне медициналық мекеменің жұмысы таныстырылып, балалар денсаулығын сақтау және нығайту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды. Қазіргі таңда облыстық көпбейінді балалар ауруханасы өңірдегі 18 жасқа дейінгі балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін маңызды мекеменің бірі саналады. Аурухана 420 төсек-орынға есептелген және 13 бөлімшеден тұрады.

Денсаулық сақтау саласына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірде бірқатар маңызды көрсеткіштер жақсарған. Соңғы жылдары сәби өлімі 20,2 пайызға, бала өлімі 16,4 пайызға, ал жалпы аурушандық деңгейі 9,8 пайызға төмендеген. Бұл – ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Аймақ басшысы аурухананың қызметімен танысу барысында профилактикалық шараларды күшейту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және аурудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Мереке күні ауруханада ем алып жатқан балалар үшін ерекше қуанышты сәт болды. Мұрат Ергешбаев пен халық қалаулылары палаталарды аралап, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, арнайы әзірленген сыйлықтар табыстады. Балаларға жылы лебіздерін білдіріп, тезірек сауығып кетулеріне тілектестік танытты. Бүлдіршіндердің жүзіндегі қуаныш пен ата-аналардың ризашылығы мерекенің шынайы мәнін айқындай түсті.

Сапар аясында облыс әкімі аурухананың сәулелі диагностика бөліміндегі магниттік-резонанстық томография аппаратының жұмысымен де танысты. Заманауи медициналық құрылғылардың мүмкіндігі балаларға сапалы әрі уақытылы диагностика жүргізуге жол ашып отыр.

Өңірде балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстар соңғы жылдары жаңа серпін алды. Жаңақорған және Арал аудандарында «Қамқорлық» балаларды оңалту орталықтары ашылса, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан ерте араласу оңалту орталығы пайдалануға берілді. Бұл орталықтар ерекше күтімді қажет ететін балалардың сапалы оңалту қызметтерін алуына мүмкіндік жасап отыр.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік аясында жалпы құны 10 миллиард теңгеден асатын маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде 5 миллиард теңгеден астам қаржы денсаулық сақтау саласына бағытталған. Аталған қаражат есебінен медициналық жабдықтар сатып алынып, ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге қажетті қымбат дәрі-дәрмектер алынған.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Президент саябағы аумағында 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана салынуда. Қаланың сол жағалауында және Титов шағын ауданында жаңа емханалар бой көтеріп келеді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – ана мен бала денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасын арттыру және өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Балаларды қорғау күні аясындағы бұл шаралар қоғамның ең басты байлығы – балаларға деген қамқорлықтың нақты көрінісі болды.

БӨЛІСУ