ӘЛЕУМЕТТІК АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта бүгін облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев облыс орталығындағы «Радуга» сауда желісі мен бірқатар әлеуметтік дүкендерді аралап, делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның көшпелі отырысын өткізді.

Көшпелі жиын барысында сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы, сапасы және қордағы көлемі жан-жақты сараланды. Сондай-ақ тұрғындарға күнделікті қажетті өнімдердің қолжетімді бағамен ұсынылуы назарға алынып, сауда субъектілеріне қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді.

Комиссия мүшелері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеу, баға тұрақтылығын сақтау және делдалдық тізбектерді азайту мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл бағыттағы басты мақсат – халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін азық-түлік бағасын тұрақтандыру және тұрғындардың сапалы өнімге қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Жиын барысында «Радуга» сауда желісінің өңірлік тұрақтандыру қорымен әріптестік негізде бірлескен жұмыстар жүргізіп отырғаны айтылды. Бүгінде сауда желісі әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарларын нарықтағы бағадан төмен әрі қолжетімді бағамен ұсынуда. Бұл өз кезегінде бағаны тұрақтандыруға оң ықпалын тигізіп келеді.

Сонымен қатар алдағы уақытта әлеуметтік тауарлардың ассортиментін көбейту, өңір тұрғындарын қажетті азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету бағытында қосымша келіссөздер жүргізілді. Мамандар әлеуметтік дүкендер желісін дамыту мен халық көп шоғырланған аймақтарда қолжетімді сауда нүктелерін арттыру мәселесін де назарда ұстап отыр.

Көшпелі отырыс барысында сауда орындарындағы баға белгілеу тәртібі, өнім сапасы және сақтау талаптары да бақылауға алынды. Комиссия мүшелері тұрғындардың тұтынушылық құқықтарын қорғау мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақты қорын қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Айта кетейік, делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның мұндай көшпелі отырыстары алдағы уақытта да өңірдегі өзге сауда нысандарында жалғасатын болады. Бұл жұмыстар азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтау мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған.

БӨЛІСУ