15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Анаға тағзым» орталығында тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор мерекелік шара өтті. Ұлттың ұйытқысы саналатын отбасы институтын нығайтуға бағытталған жиынның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау және өнегелі әулеттердің өмір жолын жас буынға үлгі ету болды.
Тағылымды кешке қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Жұмашева, құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, қоғам белсенділері мен көпшілікке үлгі болып жүрген өнегелі отбасылар қатысты.
Жиын барысында сөз алған азаматтар отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Әсіресе, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің, ізеттілік пен сыйластықтың ең алдымен отбасынан бастау алатыны кеңінен айтылды. Бүгінгі қоғамда отбасы институтын нығайту, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету секілді құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығы сөз болды.
Мерекелік кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – көпке үлгі болып жүрген ардақты әулеттерді ұлықтау болды. Саналы ғұмырын бір-біріне деген сыйластық пен түсіністікке арнап, бірнеше ұрпақ тәрбиелеп өсірген отбасылардың өмір жолы жас буынға өнеге ретінде таныстырылды.
Солардың қатарында 66 жыл бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қойшыбаевтар отбасы ерекше құрметке ие болды. Ұзақ жылдар бойы отбасының берекесін сақтап, ұрпағына адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсеткен қариялардың ғибратты ғұмыры көпшілікке әсер сыйлады.
Сондай-ақ 55 жылдық өмір жолын бірге өткізген Әбішевтер әулеті мен 58 жылдан бері қол ұстасып келе жатқан Шамшиевтер отбасының өнегелі тірлігі де кеңінен насихатталды. Бірлік пен түсіністікті ту еткен отбасылардың өмірлік тәжірибесі жастарға тағылым болып, отбасы құндылығының маңызын тағы бір айшықтай түсті.
Кеш барысында қатысушылар отбасының тек бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның іргетасы екенін ерекше атап өтті. Себебі ұлттың болашағы – өнегелі тәрбиеде, ал тәрбиенің бастауы – отбасы. Тату шаңырақтан шыққан ұрпақ елдің ертеңін қалыптастыратын саналы азамат болып өседі.
Шара соңында ардақты қариялар Нұртаза ата мен Сайлаубай Әбішұлы мерейтойларымен құттықталып, өнегелі отбасыларға қала әкімінің атынан арнайы сый-сияпаттар табысталды. Ақ жаулықты аналар мен ақсақалдарға құрмет көрсетіліп, ізгі тілектер айтылды.
Тағылымды жиын көпшілікке ерекше әсер сыйлап, отбасы құндылығының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте ұғындырды. Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын, ынтымағы жарасқан, берекелі отбасылар көбейген сайын елдің де еңсесі биік болары анық.
Отбасы – мейірімнің мекені, махаббаттың бесігі, тәрбиенің алтын ұясы. Сондықтан әр шаңырақта шаттық пен сыйластық салтанат құрып, берекелі отбасылар қатары арта бермек.