ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында бюджет мәселесі талқыланды.

Бүгін облыстық мәслихат депутаты, Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Балжан Шәменованың төрағалығымен тұрақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары мен сала мамандары қатысты.

Күн тәртібінде Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №199 шешімімен бекітілген «2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» құжатқа өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Аталған мәселе аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңдегі басым бағыттарды нақтылау тұрғысынан маңызды болды.

Отырыста облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабек баяндама жасап, ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, бюджетке енгізілетін түзетулер өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, әлеуметтік нысандардың жұмысын жетілдіруге, сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар жиында бірқатар салалар бойынша қаржыландыру көлемін нақтылау, бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және қаражаттың мақсатты игерілуін қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. Депутаттар өңір тұрғындарын толғандыратын әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Комиссия отырысы барысында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобалардың орындалу барысы, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым салаларына бөлінетін қаржы көлемі төңірегінде пікір алмасу өтті. Сала мамандары тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ұсынылған бастамалардың маңыздылығы атап өтілді.

Жиын қорытындысында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, күн тәртібіндегі мәселелерді облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қарау жөнінде қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ