Ауданға қарасты Аманөткел ауылында ел игілігіне бағытталған маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 150 орындық жаңа ауылдық клуб ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, рухани орталыққа айналмақ. Бүгінде құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, нысанның аяқталуына санаулы уақыт қалды.
Аталған жоба ауыл халқының мәдени-рухани сұранысын қамтамасыз етуге, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған мәдениет ошағы заман талабына сай жабдықталып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.
Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Құрылысшылар ішкі бетон еден төсеніштерін құйып, қабатаралық бетон бөлгіштерін орнату жұмыстарын сапалы атқарған. Сонымен қатар ғимаратқа қажетті инженерлік инфрақұрылым толық жеткізілді. Атап айтқанда, сыртқы ауыз су жүйесі, кәріз желісі және әуе электр желілері тартылып, нысан толықтай коммуналдық жүйелермен қамтылған.
Бүгінде құрылыс алаңында ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып, ғимарат ішін сырлау және кафель төсеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда құрылысшылар сыртқы аумақты абаттандыруға басымдық беруде. Атап айтқанда, нысан аумағына қоршау орнату, асфальт төсеу және брусчатка жабындарын орналастыру жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар аяқталған соң ауылдық клубтың айналасы толықтай көркейтіліп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады.
Жобаның бас мердігері – «Жабдықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай жүргізіп, нысанды уақытылы пайдалануға беру бағытында жұмыс жасауда.
Жаңа ауылдық клуб пайдалануға берілгеннен кейін ауылдағы мәдени-көпшілік шаралардың негізгі орталығына айналмақ. Мұнда концерттер, түрлі шығармашылық кештер, қоғамдық жиындар мен жастарға арналған мәдени бағдарламалар ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар өнерге бейімі бар жастардың шығармашылығын шыңдап, ауыл тұрғындарының рухани өмірін байытуға жол ашылады.
Ауыл тұрғындары да жаңа нысанның ашылуын асыға күтуде. Себебі бұл клуб тек мәдениет үйі ғана емес, елдің басын қосатын, өнер мен руханиятты дәріптейтін маңызды орталық болмақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан мұндай жобалар ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен серпін беруде.