ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА БАРЛЫҚ 14 АУЫЛ «АЛКОГОЛЬСІЗ АУЫЛ» ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданында маңызды әлеуметтік бастама жүзеге асып отыр. Жергілікті әкімдік пен прокуратура органдарының бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесінде ауданға қарасты барлық 14 ауылдық округ ресми түрде «Алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болды.

Бұл бастама – ауылдық жерлерде қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқықбұзушылықтың алдын алуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Жоба аясында аудан көлемінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы сауалнама ұйымдастырылған. Нәтижесінде ауыл халқының 87 пайызы «Алкогольсіз ауыл» бастамасын қолдап, қоғам болып ортақ шешім қабылдаған. Бұл – халықтың қауіпсіз әрі тыныш ортада өмір сүруге деген ұмтылысының айқын көрінісі.

Қабылданған шаралар бүгінде нақты нәтижесін беруде. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысына сәйкес, масаң күйде жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға төмендеген. Яғни, былтырғы 9 дерек биыл 4 жағдайға дейін азайып отыр. Бұл көрсеткіш ауылдардағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық мәдениеттің нығайып келе жатқанын аңғартады.

Мамандардың айтуынша, алкогольден бас тарту тек құқықбұзушылықтың азаюына ғана емес, тұрмыстық жанжалдардың төмендеуіне, отбасы тұрақтылығының артуына және жастар тәрбиесіне де оң әсер етеді. Әсіресе, жас буынның спортқа, білімге және қоғамдық белсенділікке бет бұруы – бастаманың ең маңызды нәтижелерінің бірі.

Жалағаш ауданындағы бұл тәжірибе – қоғамның өз күшімен тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыра алатынын дәлелдейтін үлгілі қадам. Бүгінде «Алкогольсіз ауыл» жобасы тек шектеу емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен болашағына бағытталған ортақ таңдау ретінде бағалануда.

Салауатты қоғам – қауіпсіз елдің негізі. Сондықтан мұндай игі бастамалардың кеңінен қолдау табуы өңірдің әлеуметтік ахуалын жақсартып, ел ішіндегі бірлік пен тәртіптің нығаюына ықпал етпек.

БӨЛІСУ