Бүгін облыстық Қан орталығында ана мен бала денсаулығын қолдауға бағытталған «АНА МЕН БАЛАҒА ӨМІР СЫЙЛАЙЫҚ!» атты ауқымды қан донорлығы акциясы басталды. Игі шараның негізгі мақсаты – қоғамда донорлық мәдениетті қалыптастыру, азаматтарды қайырымдылыққа үндеп, ана мен бала өмірін сақтап қалуға ортақ үлес қосуға шақыру.
Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Әсіресе, дүниеге сәби әкеліп жатқан ананың амандығы мен жаңа өмірге келген нәрестенің саулығы – барша қоғам үшін маңызды. Дәрігерлердің айтуынша, ана мен бала өміріне қауіп төнетін шұғыл жағдайларда қан қорының жеткілікті болуы аса қажет. Осындай сын сәттерде донорлардың тапсырған қаны көптеген адамның өмірін арашалап қалуға мүмкіндік береді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыста жыл сайын 20 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Кей жағдайларда босану кезінде немесе түрлі медициналық асқынулар барысында қан құю қажеттілігі туындайды. Мұндай кезде уақытылы табылған донор қаны – ананың да, баланың да өміріне үміт сыйлайтын ең үлкен көмек.
Акция 10 мамыр – Аналар күні қарсаңында бастау алып, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қала және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, облыстық басқармалар мен мекемелердің ұжымдары, жастар ұйымдары мен еріктілер белсенді түрде қан тапсырып, қайырымдылық шарасына атсалысады деп жоспарлануда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция тек қан жинау ғана емес, қоғамда мейірім мен жанашырлық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Себебі бір адамның тапсырған қаны бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Қан доноры болу – үлкен жауапкершілікпен қатар, адам өміріне араша түсетін сауапты іс. Сондықтан облыс тұрғындарын игі шараға белсенді қатысып, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға шақырамыз.
Есіңізде болсын, әрбір тапсырылған қан – бір адамның өміріне үміт, бір ананың жүрегіне тыныштық, бір сәбидің болашағына мүмкіндік сыйлайды.