Қызылорда жоғары медициналық колледжі ғимаратының алдындағы жасыл желекке оранған аллеяға көз салған жан көп ой түйеді. Саялы ағаштардың әрқайсысы – өткеннің өнегесі, елге қызмет еткен азаматтардың үнсіз ескерткіші секілді. Ағаш түбіндегі тақтайшаларда оларды еккен жандардың есімі жазылған. Солардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Кеңесбай Қалиевтің де аты бар.
Бабалар «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған. Жайқалған әр көшет – өмірдің жалғасы, ұрпаққа қалдырылған аманат. Кеңесбай Смағұлұлы еккен ағаш та бүгінде тамырын тереңге жайып, көлеңкесін елге сыйлап тұр. Оған қараған сайын абзал азаматтың бейнесі көз алдымызға келеді. Өзі өмірден өтсе де, артында қалған ізі мен өнегесі жас ұрпаққа рухани қуат беріп тұрғандай.
Кеңесбай Қалиев 1941 жылы майданға аттанып, сұрапыл соғыстың бел ортасында жүріп жауынгерлердің өмірін сақтауға аянбай еңбек етті. Ол Мәскеуді қорғау шайқасына қатысып, Кенигсбергті, Беларусь пен Польшаны азат етуге атсалысты, Берлинді алу операциясында ерлік көрсетті. Ел алдындағы ерен еңбегі ескеріліп, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Соғыстан кейін де халыққа қызмет етуді тоқтатпады. 1964 жылы әскери қызметтен демалысқа шыққан соң өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосты. Денсаулық сақтау саласы кәсіподағын 20 жыл басқарған ол талай маманның қалыптасуына ықпал етті.
Бүгінде медициналық колледж алдындағы сол бір көшет – қарапайым ағаш қана емес. Ол – ерлік пен еңбектің, адалдық пен азаматтықтың белгісі. Болашақ дәрігерлер сол ағашқа қарап бой түзейді, елге қызмет етудің қадірін ұғынады. Өнегелі өмір осылайша ұрпақ санасында жаңғырып тұрады.