Қызылорда қаласындағы М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде қызмет бабында қаза болған полиция қызметкері Қайрат Қалековтың құрметіне «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Салтанатты шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы, Ардагерлер кеңесінің өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Іс-шараны облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов ашып, жас ұрпаққа ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде «Жас сақшы» сыныбының басты мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіп пен жауапкершілікке баулу екенін атап өтті. Сондай-ақ ант қабылдау рәсімі өтіп, жас сақшыларға арнайы куәліктер табысталды.
Шара барысында қатысушылар ерлікпен қаза тапқан Қайрат Қалековтың өмір жолы мен қызметтегі жанқиярлығы жайлы кеңінен еске алды. 1998 жылдың 12 ақпанында Қазалы ауданында болған қайғылы оқиғада ол бейбіт тұрғындарды қорғау барысында ауыр жарақат алып, көз жұмған еді. Қауіпті қылмыскерді тоқтатуға алғашқылардың бірі болып жеткен жас милиционер өз өмірін қатерге тігіп, нағыз батырлықтың үлгісін көрсетті.
Қайрат Қалеков 1971 жылы Ресей Федерациясының Астрахан облысында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін адал атқарып, патрульдік-бекет қызметінде еңбек еткен. Көрсеткен ерлігі үшін ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
– Ер есімі – ел есінде. Әріптесіміздің ерлігі – баршаға үлгі. Осындай тағылымды бастама арқылы жас ұрпақ батыр ағаларына қарап бой түзейді, – деді Полиция департаментінің бастығы.
Шара соңында облыстық Полиция департаментінің арнайы жасағы жауынгерлік тәсілдерді көрсетіп, оқушылар өнерлерін ортаға салды. Жас сақшылар сыныбының ашылуы – ел тыныштығы жолында жанын қиған ерлерге көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі.