Қазалы ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен республикалық бюджеттен 680 млн теңге бөлініп, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін тарту басталды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аталған елді мекендерге арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын көрді. Жоба сапасына ерекше мән берген аудан басшысы мердігер мекемелердің жауапты өкілдерімен кездесіп, жұмыстың белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқталуын қатаң тапсырды.
Жоспарға сәйкес, төрт ауыл толықтай көгілдір отынға қосылған соң 1300-ге жуық тұрғын үй мен 25 әлеуметтік нысан табиғи газға қол жеткізеді. Нәтижесінде 7000-нан астам тұрғынның тұрмыс сапасы артып, кәсіпкерлік нысандардың да мүмкіндігі кеңеймек.
Кездесу барысында аудан әкімі бұл жобаның мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту арқылы оларды жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударуды міндеттеді.
Ауыл әкімдеріне мердігерлермен үйлесімді жұмыс жүргізіп, елді мекендердің санитарлық тазалығы мен көркейту жұмыстарына басымдық беру тапсырылды. Анықталған кемшіліктерді жедел жою қажеттігі де ескертілді.
Айта кетейік, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарындағы жұмыстарды «AsiaStroy KZ» ЖШС, ал Жанқожа батыр ауылындағы жобаны «Сырэнергогазстрой» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба толық аяқталғаннан кейін аудан бойынша газбен қамту деңгейі 83 пайызға жетпек.