Облыс көлемінде аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мамандар тұрғындарды Конго-Қырым геморраиялық қызбасы ауруынан сақ болуға шақырады.
Аталған ауру адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі таңда облыс бойынша бұл дертке қолайсыз 74 елді мекен тіркеліп отыр. Осыған байланысты көктем және күз айларында кенеге қарсы дезинсекция жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Мамандардың айтуынша, залалсыздандыру шараларының тиімділігі тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауына тікелей байланысты. Атап айтқанда, мал қораларындағы көң-қиларды уақытылы шығарып, аумақты механикалық тазалаудан өткізу қажет. Бұл – кененің көбеюіне жол бермеудің негізгі жолдарының бірі.
Сонымен қатар, үй жағдайында ұсталатын төрт-түлік малды ішкі және сыртқы паразиттерден қорғау мақсатында ветеринариялық препараттарды қолдану ұсынылады. Әсіресе, көктем мезгілінде ұсақ малдарды тоғыту жұмыстарын ветеринариялық мамандардың бақылауымен жүргізу маңызды.
Жалпы, мұндай алдын алу шаралары қауіпті аурулардың таралуын болдырмауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан әрбір тұрғын тазалық пен ветеринариялық талаптарды сақтауға жауапкершілікпен қарауы қажет.