29 сәуір — Халықаралық би күніне орай қалада мәдениет саласының өкілдерімен мазмұнды кездесу өтті. Шара барысында өңірдің мәдени өміріне айрықша үлес қосып жүрген хореографтарға құрмет көрсетілді.

Кездесуге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев қатысып, жоғары және арнаулы оқу орындары мен өнер мекемелерінде еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде би өнерінің рухани құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталып, сала мамандарына қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

Бүгінде қаладағы би ұжымдары түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралардың бел ортасында жүр. Театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламаларға қатысып, республикалық және халықаралық байқауларда бақ сынап, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Сыр өңірінің бишілері — ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізуші өнер иелері. Олардың сахнадағы шеберлігі мен ізденісі қала мәдениетінің дамуына тың серпін беруде.

Мерекелік жиын соңында өнер иелеріне шығармашылық табыс тілініп, алдағы уақытта да би өнерінің биік белестерін бағындыра берулеріне сенім білдірілді.

БӨЛІСУ