Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Ағымдағы жылдың 27–29 сәуір күндері облыс әкімінің орынбасары А. Зебешев пен Қызылорда қаласының әкімі Н. Ахатов бастаған облыстық делегация өкілдерінің Қытай Халық Республикасына іссапары ұйымдастырылды.

Аталған сапардың басты мақсаты – өңір экономикасына тікелей инвестициялар тарту, өндірістік жобаларды жандандыру және екіжақты серіктестікті жаңа белеске шығару.

Өздеріңізге белгілі, облыста қытайлық инвесторлардың қатысуымен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Осы ретте, жобаларды пысықтау үшін Пекин қаласында желдету және ауаны баптау қондырғыларын құрастыратын қытайлық «TICA» компаниясы жергілікті «Тау Групп» компаниясымен бірлесіп жобаны жүзеге асыру үшін кездесу өткізді.

Жобаның бірінші кезеңі – желдету және ауаны баптау қондырғыларын жинау – биыл жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде облыс нарығын ғана қамтамасыз етпей, көрші облыстар мен елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.

Кездесу нәтижесінде «TICA» компаниясы мен «Тау Групп» серіктестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, Жаңақорған ауданындағы «Бурабай–Жалғызағаш» кен орнында құны 120 млн АҚШ долларын құрайтын қорғасын-мырыш кен байыту фабрикасы жобасын жүзеге асырып жатқан «HongDa» компаниясының басқарма төрағасы Тан Цзюган мырзамен кездесу өтті.

Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен жобаның өндірістік қуаттылықтары талқыланды. Қазіргі таңда бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылы кен байыту фабрикасының құрылысы басталып, 2028 жылы аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында «HongDa» компаниясының төрағасы мен Қызылорда облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, ұзақмерзімді серіктестіктің негізі қаланды.

Бұдан бөлек, құны 50 млн АҚШ долларын құрайтын трансформаторлар жинау жобасы бойынша «XINDA TRANSFORMER CO., LTD» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасымен келіссөздер жүргізілді.

Компания трансформатор өндірісімен қатар Қызылорда облысында заманауи индустриялық парк құруды жоспарлап отыр. Индустриялық аймақта өнеркәсіп саласындағы 6 ірі кәсіпорын орналаспақ. Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тұрақтылықты қамтамасыз етуге серпін береді.

Аталған жоба аясында тараптар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоба өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртып, қуат көздерінің сенімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сапар аясында ауыл шаруашылығы саласына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында қытайлық “Yunguan Xinjia Supply Chain Management” компаниясының басшылығымен кездесу өтті.

Кездесу барысында компания өңірге қызығушылық танытып, техникалық қарасора өсіру арқылы фармацевтикалық өнім өндіру жобасын ұсынды. Бұл – ауыл шаруашылығын инновациялық бағытта дамытуға арналған тың бастама.

Атап өту қажет, өңірде егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін жүгері, соя және майлы дақылдарды егу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Іссапар қорытындысында 3 ірі қытайлық компаниямен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, алдағы кезеңде жобаларды өңірде іске асыру бойынша нақты жұмыстар қолға алынатын болады.

Қытай Халық Республикасымен дамып келе жатқан стратегиялық әріптестік Қызылорда облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инвестициялық белсенділікті күшейтуге және өңір экономикасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге зор мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ