Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар ауданымызда жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастама тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, туған жердің көркеюіне серпін беріп отыр.
Аудан көлемінде апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық шаралары тұрақты түрде жалғасуда. Оған мемлекеттік мекемелермен қатар жергілікті тұрғындар да белсенді қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосуда.
Көктем мезгілінің келуімен санитарлық тазалық жұмыстарының маңызы артып, мекемелердің сыртқы келбеті мен аумақтарының тазалығы ерекше бақылауға алынған. Осыған орай аудан әкімі Жандос Еркінбек пен аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов Жосалы кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Аралау барысында Д.Мырзағалиева және Меңей Батыр көшелеріндегі су ұңғымаларының жағдайы тексеріліп, олардың айналасының тазалығы мен техникалық жай-күйіне назар аударылды.
Сонымен қатар аудандық ветеринариялық станция, Қармақшы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме, аудандық статистика бөлімі, пошта байланыс торабы, «Qazaq Gaz Aimaq» газ шаруашылығы мекемесі, «Сыр суы» филиалының өндірістік бөлімшелері мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімінде де тазалық пен абаттандыру жұмыстары бақылауға алынды.
Аудан әкімі мекеме басшыларына аумақтарды таза ұстау, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу бойынша нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
Жалпы, тазалық – баршаға ортақ іс. Осыған орай аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, туған жердің көркеюіне бірге атсалысуға шақырамыз. Таза орта – жарқын болашақтың кепілі.
