Қазалы ауданында аудандық мәслихаттың кезектен тыс 55-сессиясы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Сессия жұмысына аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы Есмаханов, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің басшылары қатысты.
Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Әліш Ғазиз Әлмәмбетұлы төрағалық етіп, күн тәртібіне енгізілген мәселелерді депутаттармен бірге жан-жақты талқылады.
Жиынның күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, бірінші мәселе – «Қазалы ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Қазалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 24 қазандағы №91 шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. Бұл өзгерістер әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруге, көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санаттарын айқындауға және олардың қажеттіліктеріне сай қолдау көрсетуге бағытталған.
Екінші мәселе ретінде Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жаңа құрамын бекіту қаралды. Бұл комиссияның жұмысы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, олардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге негізделген.
Үшінші мәселе – құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту болды. Аталған комиссия қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және түрлі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында жұмыс атқарады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев баяндама жасап, ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызына тоқталды. Депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, тиісті мәселелер жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде ұсынылған жобалар депутаттардың дауыс беру қорытындысымен қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия соңында аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы сөз сөйлеп, күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде әлеуметтік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру, құқықтық тәртіпті сақтау және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін атап өтті.
Сонымен қатар аудан басшысы облыс әкімінің қолдауымен ауданда жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандары, жол жөндеу жұмыстары және инженерлік-инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалардың сапасына тұрақты бақылау жүргізудің маңыздылығын жеткізді. Бұл ретте халық қалаулыларын аталған жұмыстарға белсенді түрде атсалысып, ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапалы орындалуына үлес қосуға шақырды.
Жиын барысында сондай-ақ елімізде кеңінен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы туралы да сөз қозғалды. Аудан әкімі депутаттарды өз сайлаушылары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды тазалық пен қоршаған ортаны қорғау шараларына белсенді қатысуға үндеді.
Жалпы, кезектен тыс өткен сессияда қабылданған шешімдер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.