САНАЛЫ ҰРПАҚ – ӘДІЛ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу және қоғамда тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта ұйымдастырылған «Саналы ұрпақ – әділ қоғам кепілі» тақырыбындағы оқыту семинары жастар тәрбиесіндегі маңызды алаңға айналды.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ қоғамдағы әділдік пен тәртіп қағидаларын терең түсіндіру болды. Семинар барысында қатысушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтық ұстанымның маңызы және рухани-адамгершілік құндылықтар жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиын барысында жастарға заң талаптарын сақтаудың тек міндет қана емес, әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші екені кеңінен айтылды. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықтың артуы – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі екені де ерекше атап өтілді.

Семинар спикері – РАТТ мүшесі, теолог Бақтияр Оспанов қатысушылармен мазмұнды кездесу өткізіп, ашық пікір алмасу алаңын қалыптастырды. Ол өз сөзінде жастардың жат ағымдардың ықпалына түсіп қалмауы үшін олардың діни сауаттылығын арттырудың маңызына тоқталып, дәстүрлі құндылықтарды ұстанудың қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар қоғамдағы заң мен тәртіп қағидаларын сақтаудың әрбір азамат үшін маңызды екеніне назар аударды.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Әсіресе жастар арасында кездесетін құқық бұзушылықтардың себептері, олардың алдын алу жолдары, әлеуметтік желінің әсері мен жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды. Мұндай еркін форматтағы диалог жастардың белсенділігін арттырып, олардың өз пікірін ашық жеткізуіне мүмкіндік берді.

Семинар қорытындысында қатысушылар құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін түсінді. Жастардың саналы, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы – әділ әрі тұрақты қоғамның берік негізі екені тағы бір мәрте айқындалды.

Осындай тағылымды шаралар арқылы жас буынның құқықтық сауатын арттырып, олардың бойына адалдық, әділдік және жауапкершілік секілді маңызды қасиеттерді сіңіру – ел болашағы үшін жасалған маңызды қадам екені сөзсіз.

БӨЛІСУ