Соңғы жылдары елімізге келетін шетелдік туристердің саны артып келеді. Кейде солармен тілдесіп, Қазақстан туралы алғашқы әсерін сұрап қаламын. Бір қызығы, көпшілігі ең алдымен елдің тазалығына назар аударады. Әсіресе, Астананың ұқыптылығы мен тәртібіне сүйсініп, жылы пікір айтып жатады. Бұл, әрине, кездейсоқ нәрсе емес.
Меніңше, мұның артында соңғы жылдары кең қанат жайған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының нақты нәтижесі тұр. Бұл бастама жай ұран емес, шын мәнінде қоғамға әсер етіп жатқан үлкен қозғалысқа айналды. Бір жағынан – жастарға үлгі, екінші жағынан – табиғатты аялауға шақыру, үшінші жағынан – елдің көркін жақсартуға бағытталған нақты іс.
Бүгінде осы жоба аясында қалалар мен ауылдар айтарлықтай тазарып келеді. Қоршаған ортаның ластануын азайту бағытында жұмыстар күшейді. Ірі кәсіпорындар зиянды шығарындыларды қысқартуға көшіп, қалдықтарды қайта өңдеу ісі де біртіндеп жолға қойылып жатыр. Әрине, атқарылар жұмыс әлі де көп. Бірақ ең маңызды өзгеріс – адамдардың санасында.
Қазір тазалық тек сенбілікпен шектелмейді, ол өмір салтына айналып келеді. Адамдар табиғатқа, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарай бастады. Бұл – нағыз мәдени өзгеріс.
Екі жылда аталған бастама жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жоба тың мазмұнмен толығып, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келеді. «Таза Қазақстан» қағидаты, «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары тұтас құндылықтар жүйесін құрап, мемлекеттік басқару мен қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды десек артық емес шығар. Айтпақшы, әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек осы аталған маңызды реформалардың да негізгі қолдаушылары да 18–29 жас аралығындағы жастар екен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Жаңа идеологияның басты дәріптеушісі – жастар».
Бүгін президенттің қатысуымен тағы да республикалық экологиялық шара «Таза Қазақстан» акциясы өтті. Астанада жаңа саябат ашылып, аймақтарда ірі тазалық жұмыстары болып, табиғат бір түрленіп қалды. Шынында да, «Таза Қазақстан» бүгінде сананы өзгертетін, қоғамды біріктіретін, елдің болашағын қалыптастыратын үлкен қозғалысқа айналып келеді.
2026-04-25
