Аймақтың бас дәрігері Әбілпатта Алмас Әбдіғаппарұлы облыстық перинаталдық орталығына арнайы барып, мекеменің материалдық-техникалық базасымен, медициналық қызмет көрсету сапасымен және енгізіліп жатқан инновациялық жобаларымен танысты.

Сапар барысында басқарма басшысы алдымен қабылдау бөлімінің жұмысын көріп, жүкті әйелдерді қабылдау, тексеру және шұғыл жағдайларда жедел шешім қабылдау тәртібімен танысты.

Одан кейін 2023 жылы ашылған 4 төсектік «Дені сау ана» пансионатының жұмысымен танысты. Пансионат алыс және ауылдық елді мекендерден келген, жүктілігі асқыну қаупі жоғары әйелдерге уақытылы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Мұнда болашақ аналардың жайлы әрі қауіпсіз жағдайда болуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Пансионаттың негізгі мақсаты – жүктіліктің қауіпті кезеңінде ана мен ұрықтың денсаулығын сақтауға қолайлы орта қалыптастыру.

Сонымен қатар, Алмас Әбдіғаппарұлы реанимация және қарқынды терапия бөлімінің жұмысымен танысып, ана мен бала өмірін сақтауға бағытталған атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

Одан бөлек, басқарма басшысы босану блогы, неонаталдық блок және ұрықты қорғау орталығының жұмысын аралап көрді. Ұрықты қорғау орталығында басқарма басшысына биыл жергілікті бюджет есебінен алынған «Voluson Signature 20» ультрадыбыстық зерттеу аппараты көрсетiлдi. Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған заманауи құрылғы ұрықтың дамуын ерте кезеңде дәл әрі сапалы диагностикалауға мүмкіндік береді.

Орталық жұмысына қаныққан басқарма басшысы орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін тапсырды.

БӨЛІСУ