Танымдық мәні терең, дәйекті сөздер мен қанатты тіркестер жазылған плакаттармен, түрлі-түсті шарлармен сәнді безендірілген №11 бағыттағы автобус жолаушыларға ерекше атмосфера сыйлады.
23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған бұл игі шара барысында жолаушылар тек тыңдарман болып қана қоймай, кітап туралы өлең-жырларға қосылып, рухани кештің белсенді қатысушыларына айналды.
Рухани байлығымыздың сарқылмас қазынасы – кітапты ұлықтауға арналған шара қалалық кітапханалар жүйесінің қызметі туралы ақпарат беруден және кітап мерекесінің маңызын насихаттаудан бастау алды. Қатысушыларға кітаптың адамзат өміріндегі орны, оның тарихи-мәдени мәні жайлы тағылымды ойлар ұсынылып, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиеті кеңінен сөз болды.
Шара барысында кітапхана оқырмандары қазақтың әсем әндерін нақышына келтіре орындап, жолаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кітап – адамзаттың рухани темірқазығы, оқырманның жан азығы. Тамыры тереңге бойлаған бұл асыл мұра адамзатпен бірге жасасып, ешқашан өз құндылығын жоғалтқан емес. Тарихын танып, ақын-жазушылардың мұрасымен сусындап өскен ұрпақ кітаптың қадірін қашанда биік қояды. Көненің көзі саналатын сирек қолжазбалар мен кітаптар әлемнің әйгілі кітапханаларында бүгінге дейін ұлттың баға жетпес қазынасы ретінде сақталып келеді. Өйткені кітап – әр халықтың тарихы мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің айнасы.
«КІТАП QALA» әдеби автобусы – кітаптың мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындап, қала тұрғындарының жүрегіне рухани шуақ сыйлаған тағылымды бастама болды.
