Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті.
Жиынға тиісті сала басшылары, ауылдық округ әкімдері және шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Мәжіліс барысында 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық барысы, сондай-ақ егіс алқаптарына су жеткізу қызметінің тарифіне қатысты түсіндірме жұмыстары қаралды.
Жиында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында аграрлық секторды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тірегі әрі халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудағы маңызды сала екеніне тоқталды. Осы ретте, Шиелі ауданы үшін егін шаруашылығының орны бөлек екенін, ал оның тиімділігі су ресурстарының жеткілікті әрі ұтымды пайдаланылуына тікелей байланысты екенін жеткізді.
Соңғы жылдары өңірде вегетациялық кезеңнің күрделі жағдайда өтіп жатқанын атап өткен аудан әкімі, соған қарамастан Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауының арқасында салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Атап айтқанда, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен К-4, L-5, Р-12 қашыртқы каналдары мен Өзек арнасында ауқымды қазу-тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Сырдария» өзенінен келетін суды тиімді пайдалану мақсатында Шиелі кентіндегі «Базар арығы» каналына темір-бетонды науалар орнату жұмыстары жүзеге асырылуда.
Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдану арқылы суды тиімді пайдалану көзделуде. Биыл 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізіліп, бұл жұмыстарға 45 дана заманауи техника жұмылдырылғаны атап өтілді.
Мәжіліс барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев өңірдегі егіс науқанының ұйымдастырылуы мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
Сондай-ақ, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал – Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов су ресурстарын тиімді бөлу, лимиттерді сақтау және заң талаптарын қатаң ұстану қажеттігін атап өтті.
Ал «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов су жеткізу қызметінің тарифтері, су беру кестесі және шаруалармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, вегетациялық кезеңді сапалы өткізу, су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану, сондай-ақ диқандармен тығыз байланыста жұмыс жүргізу қажеттігін қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, барлық шаруашылық құрылымдарын жаңа технологияларды енгізуге, суды үнемдеу тәсілдерін кеңінен қолдануға шақырып, атқарылатын жұмыстардың нәтижесі ел ырысы мен аудан экономикасының дамуына тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.
