Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығына арнайы барып, лагердің қазіргі жай-күйімен және жазғы тынығу маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Аудан басшысы орталық аумағында орналасқан бассейн, жатын орындар, балаларға арналған сахна және асхананы аралап көрді.

Биылғы жылы лагерь жұмысына, ондағы жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық аумағына стандартқа сай 32 бейнебақылау камерасы мен 1 турникет орнатылып, қосымша 2 сыртқы әжетхана салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, лагерь аумағында көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылуда.

Аудан әкімі аталған жұмыстармен танысып, аудандық білім бөлімінің басшысы мен орталық директорына жазғы маусым басталғанға дейін ағымдағы жөндеу және барлық дайындық жұмыстарын толық сапалы етіп аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл демалыс лагері дәстүрлі түрде 7 ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда 125 оқушыдан қабылданып, жалпы саны 875-ке жуық бала жазғы тынығумен қамтылады деп жоспарлануда. Балаларды қабылдау 1 маусымда басталады.

БӨЛІСУ