Бүгін «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваның қатысуымен ZOOM платформасы арқылы арнайы жиын өтті.

Жиынға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшы Ләйлә Төрешова, сондай-ақ жауапты сала басшылары қатысты. Кездесу барысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесінде ашықтықты, есептілікті және тиімділікті арттыру, тұрғындардың сенімін нығайту, сондай-ақ қызмет көрсетуші кооперативтер мен мүлік иелерінің бірлестіктері жұмысының сапасын жақсарту секілді тұрғын үй қатынастары саласындағы өзекті түйткілдер көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды.

Орталықпе өткен жиыннан кейін партия филиалының төрағасы өңірдегі мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің өкілдерімен кездесіп, «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында жүзеге асырылатын негізгі міндеттерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, ең алдымен ОСИ мен КСК төрағаларына арналған «OSI-SKILLS» форматындағы оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Бұл қаржылық сауаттылықты арттыруға, тиімді коммуникация қалыптастыруға және заң талаптарын сақтау бойынша жүйелі білім беруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында аулаларды абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, бейсенбілік және сенбіліктер тұрақты түрде өткізілетін болады. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыру жанданып, тұрғындарға оның шарттары түсіндіріліп, жобаларды әзірлеуге әдістемелік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ «Үздік тазалаушы», «Үздік аула», «Үздік ОСИ, КСК төрағасы» секілді байқаулар өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ партияның облыстық филиалының төрағасы тұрғындар тарапынан түсетін барлық ұсыныс-пікірлер мен сұрақтар назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

«Бұл бағытта мәслихат депутаттарының әлеуеті кеңінен қолданылады. Яғни, маслихаттардағы партияның депутаттық фракциясының мүшелері көшпелі кездесулер өткізіп, тұрғындар алдында есеп береді. ОСИ мен КСК төрағаларының ұсыныстары жергілікті атқарушы органдарға жеткізіліп, тұрақты қабылдаулар ұйымдастырылады»,- деді ол.

Атап өтейік, жоба пилоттық болғандықтан, алдағы уақытта толықтырылып, заман талабына сай жаңартылып отырады.

БӨЛІСУ