Астана қаласында өткен өңірлік экологиялық саммит аясында «Болашақ ұрпақты қорғау: экологиялық күн тәртібінің өзегіндегі денсаулық – Арал теңізі бассейні үшін сабақтар мен шешімдер» атты жоғары деңгейдегі халықаралық сессияда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары А. Зебешев Арал өңіріндегі экологиялық ахуал мен халық денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарды таныстырды.
Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Қызылорда қаласында 500 және 400 келушіге арналған жаңа емханалардың құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысын бастау жоспарланған. Арал қаласында да жаңа емхана салу жобасы дайындалып, ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып, жаңа амбулаториялар ашылуда. Сонымен қатар, Арал ауданында заманауи кардио және инсульт орталығы іске қосылып, тұрғындарға күрделі медициналық көмекті жергілікті жерде көрсету мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді.
Экологиялық жағдайдың халық денсаулығына тікелей әсері назардан тыс қалмаған. Балалар арасындағы анемия деңгейін төмендету, ауыз су сапасын жақсарту және жалпы тұрғындардың денсаулығын нығайту бағытында кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, экожүйені қалпына келтіру мақсатында Арал теңізінің құрғаған табанын ормандандыру жұмыстары жалғасып, жүздеген гектар жерге сексеуіл отырғызылды.
Өңірдің экологиялық және әлеуметтік дамуына тың серпін беру мақсатында «Арал» геопаркін ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытындағы жұмыстар да басталды. Бұл бастама аймақтың табиғи және мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде танытуға жол ашады.
Жиын барысында Арал теңізі мәселесінің тек өңірлік емес, жаһандық сипатқа ие екені атап өтіліп, оны шешуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы ерекше екені айтылды.
Осы орайда «Арал өңіріндегі салауатты болашақ» бастамасы аясында Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (Еуропалық өңірлік бюросы) арасында өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылуы – өңірдің экологиялық және медициналық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
