Қызылорда облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласына арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы Жаналинов жүргізді. Басқосуға салаға жауапты басқармалар мен бөлімдердің басшылары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ «Мансап» орталықтары мен Отбасын қолдау орталықтарының жетекшілері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды мәселелер кеңінен қаралды. Атап айтқанда, әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін біріздендіру, атаулы әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, инклюзивті саясатты жүйелі түрде іске асыру, сондай-ақ халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар сараланды. Сонымен қатар, өңірдегі еңбек нарығындағы ахуал, жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары, әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Жиында Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж. Ж. Даулетбаева баяндама жасап, салада атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Ол өз сөзінде мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижелері, жұмыспен қамту шараларының тиімділігі, әлеуметтік көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар туралы нақты деректер келтірді. Сонымен қатар, бірқатар түйткілді мәселелерді атап өтіп, оларды шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс барысында қатысушылар тарапынан да бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылып, өңірдегі әлеуметтік саясатты жетілдіру жолдары талқыланды. Әсіресе, халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мәселелері ерекше назарға алынды.
Жиын қорытындысы бойынша Данияр Еренғалиұлы саладағы барлық бағыттар бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, әрбір бағдарлама аясындағы жұмыстарды жүйелі әрі нәтижелі жүргізу, сондай-ақ халықпен кері байланысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу арқылы қызмет сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, мұндай кеңейтілген мәжілістер өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді.
