Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы А. Есжановтың төрағалығымен кеңейтілген алқа өтті.

Мәжіліске басқарманың әр салаға жауапты орынбасарлары, бөлім басшылары, қала және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, колледж директорлары, облыстық мекемелер мен барлық білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.

Жиын барысында білім беру саласының өзекті бағыттары қаралып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, білім сапасын арттыру, кадрмен қамтамасыз ету, оқушыларды әлеуметтік қорғау, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен өзге де ағымдағы мәселелер күн тәртібіне шығарылды.

Алқада бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Асқарбек Темірбекұлы кемшілікке жол берген жауапты тұлғалардың тәртіптік шараларын қарап, тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынатынын ескертті.

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу және кадрлық қамтамасыз ету бағыттарында жүргізілген мониторинг нәтижелері қаралып, артық штат бірліктерін оңтайландыру қажеттігі атап өтілді.

Басқарма басшысы өңірдегі білім сапасын арттыру, әрбір бала үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты.

БӨЛІСУ