Қызылорда облысында мал ұрлығына қарсы күрес күшейіп жатыр. Кезекті рейд барысында тәртіп сақшылары жеті бірдей жылқыны заңсыз алып кетудің жолын кесіп, қаскөйлерді дәл үстінен ұстады.
Оқиға Арал ауданына қарасты Жақсықылыш ауылының маңында тіркелген. Полицейлер күдік тудырған УАЗ автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында көлік ішінде ешқандай құжаты жоқ төрт жылқыны анықтаған. Жедел әрекет нәтижесінде бұл малдардың еркін жайылымнан ұрланғаны белгілі болды. Тіпті, Тоқабай ауылындағы иесі бұл жағдайдан мүлде бейхабар болған.
Тінту барысында күдіктілерден тағы екі жылқы мен жылқы еті табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді. Сонымен қатар, “Желмая” маркалы мотоцикл және басқа да дәлелдемелер қолға түсті. Қаскөйлердің әрекеті салдарынан жәбірленушіге 3 млн 140 мың теңге көлемінде шығын келтірілген.
33 және 25 жастағы екі күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында олар қамауға алынған. Іс сотқа жолданып, нәтижесінде айыпталушылар кінәлі деп танылды. Сот үкімімен олар 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұрланған мал толықтай иесіне қайтарылды.
