СЫҒАНАҚ ҚАЛАШЫҒЫ МЕН СУНАҚАТА КЕСЕНЕСІ АУМАҒЫНДА АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

 «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудандағы тарихи-мәдени әрі киелі нысандардың бірі – Сығанақ қалашығы мен Сунақата кесенесі аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – ұлттық мұраларды сақтау, киелі орындардың тазалығын қамтамасыз ету және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру болып табылады.

Игі бастамаға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақтияр Ахметов, ел ағалары, түрлі мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар мен жергілікті тұрғындар белсене қатысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты. Көпшіліктің жұмыла атсалысуы – елдік пен бірліктің, туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісіне айналды.

Тазалық жұмыстары барысында тарихи орындардың аумағы қоқыстан тазартылып қана қоймай, айналасы абаттандырылды. Атап айтқанда, шөп-шаламдар орылып, бейберекет жатқан қалдықтар жиналды, жол жиектері ретке келтіріліп, келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, киелі орындардың маңын көркейту мақсатында қосымша абаттандыру шаралары қолға алынып, табиғи келбетін сақтау мәселесіне ерекше мән берілді.

Сығанақ – қазақ тарихындағы маңызды орталықтардың бірі, кезінде гүлденген қала ретінде ел жадында сақталған. Ал Сунақата кесенесі – халықтың рухани дүниесінде ерекше орны бар қасиетті мекендердің бірі. Сондықтан мұндай нысандарды күтіп ұстау, олардың тарихи келбетін сақтау – баршамызға ортақ міндет.

Бұл шара – тек тазалық жұмыстары ғана емес, жас ұрпаққа тағылым беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды бастама. Осындай игі істер арқылы қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып, тарихи мұраларға деген құрмет арта түседі.

Киелі жерлер – халықтың өткенінен сыр шертетін баға жетпес қазына. Оларды сақтау, қорғау және келешек ұрпаққа аман жеткізу – әрбір азаматтың азаматтық парызы.

БӨЛІСУ