Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Мейрамбек Шермағанбет төрағалық етті. Басқосуда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – әйелдер құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және демографиялық саясатты тиімді жүзеге асыру бағыттары кеңінен қаралды.
Отырыстың негізгі күн тәртібінде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккен азаматтарды қорғау тетіктерін жетілдіру және осы бағыттағы профилактикалық жұмыстардың нәтижелілігін арттыру мәселелері қамтылды. Қатысушылар аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасап, саладағы өзекті проблемалар мен оларды шешу жолдарын жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар, жиында “Қамқорлық” дағдарыс орталығы тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі туралы баяндама жасалды. Орталықтың негізгі қызметі – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға уақытша баспана беру, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету. Баяндама барысында орталық жұмысының тиімділігін арттыру, қызмет аясын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері көтерілді.
Жиынға комиссия мүшелерімен қатар облыстық басқарма басшылары, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі және салалық ұйым өкілдері қатысты. Құқық қорғау органдары тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және жәбірленушілерді қорғау тетіктері туралы мәліметтер ұсынылды.
Кездесу қорытындысында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және профилактикалық шараларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Жалпы, мұндай маңызды басқосулар қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, отбасы институтын нығайтуға және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады.
