Бүгін Ақжарма ауылы аумағында жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобасының барысымен аудан әкімі Берік Сәрменбаев арнайы танысты. Жұмыс сапасын бақылау және жобаның уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өткен бұл іссапар барысында нысан басындағы нақты ахуал сараланып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін басым бағыттардың бірі ретінде айқындап, тиісті тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған сәйкес, Қызылорда облысы көлемінде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қолдауымен аталған салада ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, ауылдық елді мекендерді көгілдір отынға қосу қарқыны арта түскен.

Аудан көлемінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның бір айқын көрінісі – Ақжарма ауылындағы газдандыру жобасы. Жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Қазіргі таңда мердігер мекеме – “Алия сервис” тарапынан газ құбырларын тарту, желілерді орналастыру және тиісті белгілерін орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба толық аяқталған жағдайда ауыл тұрғындары табиғи газға қол жеткізіп, көмір мен отынға тәуелділік айтарлықтай азаяды. Бұл өз кезегінде экологиялық жағдайдың жақсаруына да оң әсерін тигізеді.

Нысан басында болған аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен және сала мамандарымен пікір алмасып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, жобаны белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтау қажеттігін қатаң ескертіп, нақты міндеттер жүктеді.

Жалпы, Ақжарма ауылын газдандыру – өңірдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

БӨЛІСУ