Бүгін Қармақшы ауданы аумағында Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясында «Таза аула» атты ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, аудан тұрғындарының белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Аталған шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Сенбілікке аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерден тұрғындар, түрлі бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдары мен еріктілер жұмыла атсалысты. Әрбір қатысушы туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып, ортақ іске жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетті.

Тазалық жұмыстары барысында елді мекендердегі аулалар мен қоғамдық орындар толықтай қамтылып, кең көлемде абаттандыру шаралары жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, аудан бойынша 147 аула тазартылып, көшелер, саябақтар мен демалыс орындары ретке келтірілді. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, жаңа ағаш көшеттері отырғызылды. Аулалар мен қоршаулар әктеліп, сырлау жұмыстары жүргізіліп, елді мекендердің келбеті жаңара түсті.

Шара тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарымен де толықты. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару секілді маңызды мәселелер кеңінен қозғалып, қатысушыларға нақты ұсыныстар берілді.

Айта кету керек, Қызылорда облысы көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылып келеді. Бұл бастама ауылдарды көркейтуге, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Аталған байқау аясында 2024 жылы Қармақшы ауылы үздік деп танылса, өткен жылы Қуаңдария ауылы 15 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болған.

Жалпы, «Таза аула» сенбілігі – туған жерге деген жанашырлықты арттырып, қоғамды ортақ іске жұмылдыратын маңызды бастамалардың бірі. Осындай игі шаралар арқылы елді мекендердің экологиялық жағдайы жақсарып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігі де арта түсетіні анық

БӨЛІСУ