«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы игі бастама аясында бүгін Шиелі ауданында «Таза аула» акциясы ұйымдастырылып, кең көлемді сенбілік жұмыстары өтті.
Аталған шараға аудан тұрғындары жоғары белсенділік танытып, ортақ іске бір кісідей жұмылды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков экология және тазалық мәселелерін үнемі назарда ұстап, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі әрі сапалы жүргізілуін басты міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, нақты нәтижелер беруде.
Бүгінгі сенбілікке аудан орталығы мен барлық ауылдық округтердің тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, жастар ұйымдары мен еріктілер белсене қатысты. Шара барысында көшелер мен аулалар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар ғимараттар мен қоршауларды әрлеу, сырлау-бояу, гүл егу, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары ауқымды түрде атқарылды.
Бұдан бөлек, жол жиектері, арық-атыздар, саябақтар мен демалыс орындары ретке келтіріліп, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Сенбілік барысында арнайы техника жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Бұл өз кезегінде ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Мұндай игі шаралар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға, экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға үлкен ықпал етуде. Әсіресе жастардың белсенді қатысуы – олардың қоршаған ортаға деген көзқарасының дұрыс бағытта қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілік және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Бұл бағытта аудан тұрғындарын ортақ іске белсене атсалысуға шақыру, тазалық мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыру мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілмек.
Таза орта – денсаулық кепілі. Сондықтан әрбір тұрғын туған жерінің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосуы – баршамызға ортақ міндет.
