Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық білім басқармасының бастамасымен ауқымды профилактикалық түнгі рейдтік шаралар бастау алды.
Аталған шараға қоғам белсенділері де бей-жай қарамай, өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, белсенді ата-аналардан құралған «әкелер пулы», облыстық білім басқармасының және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің қызметкерлері, тәрбие орталықтарының мамандары, сондай-ақ облыстық полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп жұмыс жүргізуде. Мұндай кешенді тәсіл жасөспірімдердің тәртібін бақылауда ұстауға және олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Рейд барысында түнгі уақытта жиі баратын қоғамдық орындар, ойын-сауық мекемелері, компьютерлік клубтар мен көшелер тексерілді. Тексеру нәтижесінде түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, оларға және ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір жағдай жеке қаралып, заң талаптары түсіндіріліп, ескерту шаралары қолданылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар тек құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, ата-ана жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді. Себебі бала тәрбиесі – ең алдымен отбасының міндеті. Ал білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары бұл бағытта қолдау көрсетіп, бірлескен жұмыс жүргізеді.
Айта кету керек, рейдтік шаралар 25 мамырға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында өңір бойынша жүйелі бақылау жүргізіліп, жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда болады.
Осы орайда ата-аналарды балаларының бос уақытын қадағалап, олардың қайда жүргенінен хабардар болуға шақырамыз. Әсіресе түнгі уақытта қараусыз жүруіне жол бермеу – әрбір ата-ананың басты міндеті. Өйткені баланың қауіпсіздігі мен болашағы – қоғамның ортақ жауапкершілігі.
